«Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасы мәселелерінің зерттелуіне қысқаша шолу»

1.1 «Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасы мәселелерінің зерттелуіне қысқаша шолу» тараушасында қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының даму, қалыптасу сипатына шолу жасалып, негізгі мәселелері талданды.

Сөйлеуде эмоционалды-экспрессивтік мағынаны жеткізуші тіл бірліктеріне дыбыс, сөз, сөз тіркестері, сөйлем жатады. Осылардың барлығы жиылып, тақырыптық-композициялық тұтастық құраған кезде тұтас мәтіннің эмоционалды-экспрессивтік тонын, ырғағын жасайды. Лексика адамның дүниеге, сыртқы ортаға қатысты сезімдік дүниетанымның тілдік картинасын бейнелесе, сөздің түрлі морфологиялық формалары, сөйлем мен мәтін және дыбыс адамның сыртқы ортамен сезімдік қатынастарының өзара байланысын, динамикасын нақты контекст жағдайында бейнелейді.

XX ғасырдағы Ш.Баллидің концепциясының негізінде стилистика тілдің экспресивтік формалары туралы ілім ретінде анықталды. Стилистика тілдік жүйе элементтерінің эмоционалды-экспрессивтік, сонымен қатар тілдің мәнерлегіш құралдарының қалыптасуына әсер ететін тілдік деректердің өзара әсерін зерттейтін ғылым ретінде таныла түсті [1].

XX ғасырда тіл білімінің үлкен жетістіктерге жетуі, жаңа бағыттардың пайда болуы стилистика ғылымының қарқынды дамуына әсер етіп, стилистикада тілдің функционалдық қырлары басты назарға ілікті. В.Матезиус бастаған чех ғалымдары әдеби тілдің функционалдық сипатын зерттеуге ерекше көңіл аударды [2]. Орыс стилистика ғылымында В.В.Виноградов жаңа бір кезеңнің бастамасы болды деп айтуға негіз бар. В.В.Виноградовтың еңбектерінде [3] тілдік-функционалдық концепция басым бағыт болса, оның негізін тілдің халық өмірінің нақты тарихи жағдайларындағы шынайы қызмет атқаруын зерттеуі құрайды.

Стилистика жалпыхалықтық, ұлттық тілдің барлық қырын, оның дыбыстық құрылымын, грамматикасын, сөздігін, фразеологиясын толық қамтитын күрделі жүйе ретінде таныла түсті. Тіл тұтас құрылымның тарихи дамуындағы іштей байланысқан элементтері тұрғысынан емес, оның тарихи дамуы барысындағы функционалды жіктелісі және әртүрлі сөйлеу құбылыстарының экспрессивтік бояулары мен реңктерінің сәйкестілігі тұрғысынан қарастырыла бастады. Тілдік қарым-қатынастың салалық қолданысы, сөйлеудің жекелеген қоғамдық шектелген түрлерімен (яғни, функционалды стильдермен) байланыста алып зерттелді. XX ғасыр басындағы және одан кейінгі орыс әдеби тілі, стилистикасы мен тіл мәдениетін зерттеудегі ізденістер (Г.О.Винокур, Л.В.Щерба, А.Н.Гвоздев т.б.) [4; 5; 6] осы бағыттағы зерттеулерді тереңдетіп, одан әрі дамытты. Сөз семантикасының экспресивтік, эмоционалдық және бағалауыштық компоненттері және олардың денотативті мағынамен байланысына айрықша назар аударылды.

Қазақ тіл білімінде стилистикаға қарасты мәселелердің зерттелуі А.Байтұрсынұлы [7], Қ.Жұбанов [8] еңбектерінен басталады. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» көркем сөз бен көсем сөзге қатысты ой толғамдары, Қ.Жұбановтың Абай поэтикасының қыр-сырын ашқан мақаласы мен басқа да еңбектері бұл саладағы алғашқы қарлығаштар болды. Ал стилистиканың жеке ғылым тармағы ретіндегі іргетасы қалануы М.Балақаевтың есімімен байланысты. Алғашқы басылымы 1966 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің стилистикасы»оқулығы стилистиканың пәні мен нысанын, ғылымдар ішінде алатын орнын анықтаған тұңғыш еңбек болды. Мұнда стилистика ғылымының мақсат-міндеттері, функционалды стиль түрлері, әсіресе қазақ тілі стилистикалық құралдарының сипаты бір жүйеге түсіріліп қарастырылады. Экспрессивтік стилистиканың мәселелері тілдік бірліктердің эмоционалды-экспрессивтік қызметіне қатысты қарастырылды [9].

Кейінгі кезеңдерде қазақ стилистикасы І.Кеңесбаевтың, А.Ысқақовтың, М.Балақаев, Р.Сыздықованың, Е.Жанпейісов, С.Исаевтың, Ф.Мұсабекованың, Н.Х.Демесинованың, М.Серғалиевтың, Н.Уәлиевтің, Р.Әмірдің, Б.Момынованың, О.Бүркітовтың, Ж.Құрманбаеваның, Б.Хасановтың, Т.Қоңыровтың, Х.Нұрмұқановтың, Х.Кәрімовтың, Б.Шалабайдың, Ш.Мәжітаеваның, Д.Әлкебаеваның, Г.Әзімжанованың т.б. ғалымдардың зерттеулерімен толықты.

1.2 «Қазақ тілі лингвостилистикасының логика-философиялық негіздері». Тіл мен ойлаудың байланысы, олардың өзара әрекеттесуі барлық лингвистикалық және философиялық бағыттарда мойындалып, қай уақытта да түрлі қырынан қарастырылып келеді. Бірақ стилистиканың философиялық негіздері мен ол байланыстың сипаты, маңыздылығы жөнінде қазақ тіл білімінде терең сөз бола қойған жоқ. Ал шындығында, стилистиканың философиялық негіздерін тану арқылы тіл мен ойлау мәселесінің тағы бір арнасы анықталып, стилистиканың теориялық бір тамыры анықталады және аса маңызды тұсы адамның дүниетанымындағы тілдің түпмәні, адамзат қоғамы мәдениетінің мәртебесі айқындалады.

В. фон Гумбольдттың тіл мен ойлаудың өзара тығыз қарым-қатынасы туралы концепциясына сүйенетін болсақ, мынадай мәселелер ерекшелініп алынуы керек деп санаймыз. В. фон Гумбольдт ең алғаш рет тілді тек адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, дерексіз, топтастырылған ойлаудың аса қажетті шарты екендігін дәлелдеді. Ақыл-ой әрекеті – тек қана рухани әрекет, онда да терең тамырдан тыныс алатын дыбыстық тілмен білінбейтін, тек сезімдік қабылдауда ғана түсінілетін құбылыс болып табылады. Соның негізінде ғана тіл мен ойлау әрекеті айрылмас тығыз бірлікте болып танылады. Адамның «өз ішінен ойлау барысы» деген құбылыстың өзі тек қана тілдің көмегі арқылы жүзеге асырылады. «Тіл ойлауды ұйымдастыратын орган болып табылады».

Тіл ойлауға шешімділік жағынан ықпал ететін құбылыс. Сол жағынан қарайтын болсақ, тіл адам ойының танымдық әрекетін, оның бағыты мен мазмұн сипатын анықтайтын күшке ие болып келеді. Сөз сыртқы заттың (предметтің) жай ғана таңбасы емес. Сөз сол заттың адам жанында орналасатын бейнесі. Жеке адамның сөйлеген сөзінде сыртқы заттың тікелей бейнесі емес, оған араласқан сөйлеушінің жан дүниесінің қабылдау мүмкіндіктерінің нәтижесінде жаңадан дерлік пайда болған бейнелер қолданылатынын осылай танытқан В.Гумбольдттың бұл концепциялары стилистиканың негізгі заңдылықтарына алынуы тиіс [10].

Лингвистикалық салыстырмалылық болжамын қалыптастырған Сепир – Уорф теориясын басшылыққа алатын болсақ, онда мінез-құлық пен ойлаудың тілге қатысы терең тануды қажет ететін мәселе екенін айқын түсінеміз. Әрине, бір қарағанда, Сепир – Уорф теориясы жалпыадамзаттық ойлау бірліктерінің бар екенін жоққа шығарғандай болып көрінуі ықтимал. Ал шын мәнінде, Сепир – Уорф болжамы бойынша, ұлттық ойлау мен ұлттық сөйлеудің қарым-қатынасын тану арқылы ғана жалпыадамзаттық логикалық категориялар танылуы мүмкін деп түсінуіміз керек [11].

Тілді логикалық тұрғыдан талдап-танудың негізгі мақсаты мен міндеті – тілдің ойды құраудағы, сыртқа білдірудегі қызметі қалай, қайтіп, қандай жолмен жүзеге асырылатынын анықтауға ұмтылу болып табылады. Жалпылама түрде айтар болсақ, тілдегі сөздер, сөз тіркестері қалай да бір шындық болмыстағы заттарды білдіріп, соларды таңбалауға қызмет етеді. Яғни сыртқы дүниедегі заттардың адам санасындағы ерекше бір «өкілі» іспетті қызмет етеді. Осымен де байланысты, логиканың міндеті – сол сыртқа білдірілу процесінің ерекшеліктерін (тіл элементтері мен олардың байланысын) және сыртқы дүниедегі заттардың өзара байланысын тану болып анықталады. Бірақ бұл жерде ерекше есте тұтар мәселе бар, ол – тіл мен оның таңбалап тұрған заттарының арасында тікелей байланыс бар деп саналмауы. Тілдің басты механизмдері ойдың, оймен бөлшектеп танудың, Абайша айтқанда, «тұтасты қырыққа бөліп танудың» қызметін атқаратынын мойындай отырып, сыртқы ерекше дүниенің ішкі ерекшелікке «ауысуындағы» заңдылықтарды тану логикалық талдаудың негізгі мақсаты болып келеді.

Табиғи тілді логикалық талдаудың нәтижесі арнайы формалдық тіл жасауға алып келетіні белгілі. Сол арнаулы формалдық тіл негізінде логика мен тілдің байланысын тануға, соның негізінде стилистиканың логикалық негізін тануға мүмкіндік болады. Тілдің таным құралы ретіндегі қызметі философияның, логиканың негізгі нысаны бола отырып, сол таңбалар өздері таңбалайтын нәрселермен қандай байланыста болатыны және ол байланыстың сипаты мен ерекшелігі неде екендігін анықтауға мүдделі болады. Табиғи тіл, осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, таңбалар жүйесін құрайды. Сонда тілді таңбалар жүйесі деп қарастырғанда, тілдің стилистикасы негізгі орында тұрады. Өйткені, адам өзінің ойын түрліше білдіруде тілді (таңбаларды) түрлендіре қолдану арқылы өз ойын түрлендіріп отырады. Осыған байланысты тілдік таңбалардың стилистикалық мүмкіншіліктерін тереңірек танудың синтаксистік, семантикалық, прагматикалық аспектілерінің ерекшеліктері айқындалады.

Адамның ойлауы мен тілдік құдіретінің арқасында ғылым да, көркем әдебиет те дамып-жетіліп келеді. Сондықтан да стилистиканың теориялық негіздері ретінде философия мен логика ғылымдарын алудың өзі – стилистикалық мүмкіншіліктердің тамырларында тұнып жатқан құпиялар мен сырларды тануға негіз болады.

1.3 «Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының психолингвистикалық негіздері». Қазақ тілі ерекше жүйе ретінде өзінің құрамындағы бірліктерінің энергиялық қуатын сөйлеу барысында, сөйлеу әрекетінде таныта алады. Сөйлеу барысы көптүрлі және көпбейнелі түрге ене алатын күшке ие болып келеді. Адам баласының сөйлеуі барысында физикалық та, психикалық та, физиологиялық та процестер қатар жүріп жататынын байқауға болады. Сол сәтте сөйлеу – әрі индивидуалды, әрі әлеуметтік құбылыс ретінде өтіп жатады.

Стильдік ерекшеліктерді мәтінге жинап-теріп, бір арнаға ұйымдастыратын психикалық процестердің негізгісі ретінде сөйлеу процесі барлық тіл бірліктерінің жаңа бағдар ала ұйымдасуының жаңа сапасын танытады. Сол болмыспен сыртқа шығарылған сөйлеу туындысы енді сыртқы ортаны өзгертуге мүмкіндік алатын белгілі бір күшке ие екенін көрсетеді. Адамның санасында ойлау мен қиялдау процесі сөйлеу әрекетімен тығыз байланыста болып, адам ойлауының ерекше түрін, яғни тілдік ойлауын (сөйлеу – ойлау – речевое мышление) қалыптастырады.

Тіл құралдарының эмоционалды-экспрессивтік қызметі лексиканың, грамматиканың аясында зерттелгенмен, экспрессивтік стилистиканың арнайы құралдары ретінде бірізге түсірілген жоқ. Психология мен психолингвистика адамның іс-әрекетіндегі эмоцияның қызметін зерттеуге бағытталған. Сол себепті адамда болып жататын психикалық процестерді талдауда эмоцияның психикалық және іс-әрекеттік қырын бірлікте алып түсіндіру басты ұстаным болып есептеледі. Психологияның өзінде де адамның эмоциялық сезімдерінің қат-қабат сырларын зерттеу әлі жеткіліксіз. Бұл эмоцияны тілдік тұрғыдан зерттеуге де қиындық тудырып отыр. Сондай-ақ, психологиядағы эмоцияның түрлерінің топтастырылуы және оның жалпы сипаты дәл анықталды деп те айту қиын. Адамға тән негізгі эмоция түрлері әлі психологияда да, физиологияда да дәл анықталмаған.

Психологтардың ойынша, эмоцияға универсалдық сипат тән: «Некоторые отдельные эмоции являются универсальными, общекультурными феноменами. И кодирование, и декодирование ряда эмоциональных выражений одинаковы для людей всего мира, безотносительно к их культуре, языку или образовательному уровню» [12, 56 б.]. Эмоцияның универсалды қасиеті В.А.Артемьева т.б. ғалымдардың зерттеулерінде де эксперименталды тұрғыдан дәлелденеді. Дегенмен, ғалымдар арасында тілдегі сезім мен адамның табиғи сезімдерінің әрдайым сәйкес келетіндігіне күмән келтіретіндері де бар. В.И.Шаховский оған үзілді-кесілді қарсы пікір айтады: «шынайы сезімдер мен оның тілдік моделі ешқашан сәйкес келмейді» [13, 90 б.]. А.Н.Леонтьев болса, тіл бірліктері заттық өмірдің барлық қатынастары мен қасиеттерін идеалды формада бейнелейді деген пікір айтады [14]. Адамның өзіндік табиғатына тән универсалды эмоциялық сезімдерді негізге ала отырып, тілдің стилистикалық жүйесіндегі универсалды экспрессивті мағыналарды анықтауға және олардың тілдегі көрінісін анықтауға болады деген болжам жасауға болады. Бұған тілдегі адам сезімдерінің бейнелену семантикасы негіз болады. Лингвистикалық зерттеу еңбектерінде мұндай эмоциялық универсалдар түрліше аталып жүр: доминант эмоциялар, негізгі эмоциялар, эмоционалды тон, жетекші эмоциялар, базалық эмоциялар т.б. Сонымен қатар, психологтар адам баласына тән сезімдер мен толғаныстардың табиғаты бірдей болғанмен, әр тілдің эмоциялық сөздік қоры әртүрлі екенін айтады. В.Н.Гридиннің пайымдауынша, барлық халықта эмоциялар универсалды, ортақ болғанымен, олардың әр тілдегі типологиялық құрылымы бір-біріне ұқсамайды екен, себебі әр тілдің эмоционалдық табиғатына ұлттық ерекшелік тән болып келеді.

Сонымен, эмоционалдылық пен бағалауыштық – өзара тығыз байланысты категориялар екені даусыз. Психологиялық және лингвистикалық еңбектерде адамның эмоциясын зерттеудің екі жолы қарастырылады: 1) «алдымен адамға тән эмоциялық сезімдерді анықтау арқылы оның тілдегі көрінісін зерттеу»; 2) «тілдегі эмоциялық құралдарды анықтау арқылы адамның сезімдер дүниесіне талдау жасау» [15].

1.4 «Экспрессивтік стилистиканың негізгі ұғымдары» қатарында экспрессия, экспрессивтілік түсініктері әлемдік тіл білімі ғылымында көптен бері ғалымдардың назарын ерекше аударып, тереңнен зерттеліп келеді. Тіл туралы ғылым бұл құбылыстың тілдің әртүрлі деңгейінде жүргізілетін зерттеулерге арналған көптеген жұмыстарды жинақтайды.

Көптеген ғылыми еңбектердің авторлары экспрессия және экспрессивтілік терминін тек синоним түрінде ғана емес, сонымен бірге өзара алмаса алатын лексикалық дублет түрінде де қарастырады. Бұл А.П.Горбунова, Ю.Д.Каражаева, А.Д.Кулова, И.И.Туранский, Л.М.Васильев және басқа ғалымдардың зерттеулерінде айтылады. Н.А.Лукьянова, В.Н.Цоллер, В.Н.Гридиннің еңбектерінде бұл ұғымдар өзара тең емес, екі түрлі ұғымдар ретінде анықталады.. Тілдің лексикалық бірлігінің экспрессивтік қасиетін зерттеген Н.А.Лукьянова осы екі түсініктің ерекшеленуін былайша түсіндіреді: «экспрессивтілік экспрессия түсінігіне негізделеді. Бірақ «экспрессия объективтік шынайылық деңгейіне жатады. Экспрессия сөзінің өзі тілден тыс нәрсені білдіретін болса, «экспрессивтілік» тілдік... бірліктің кейбір қасиеттерін көрсететін лингвистикалық термин». Ғалымның ойынша, «объективтік экспрессияға» іс-әрекеттің қарқындылығы, күйі, белгісі, бет-әлпеттің, заттың, құбылыстың «сандық-сапалық» сипаттамасы жатады, экспрессивтілік – тілдік бірліктің әлеуеттік мүмкіндігі, іс-әрекеттің, құбылыстың, заттың, белгінің сипатын, оның сандық-сапалық қасиетін білдіреді [16]. В.Н.Цоллер [17] экспрессияны функционалды, прагматикалық категорияға және сөз деңгейіне жатқызады, ал экспрессивтілік тіл деңгейіне жататын семантикалық категория дейді. Осындай шектеуді О.С.Ахманованың «Лингвистикалық терминдер сөздігінен» көруге болады: «Экспрессивтілік – экспрессияның барлығы... Экспрессия – кәдімгі тілден ерекшелендіріп тұратын және оған өзіндік үлгі мен эмоционалды бояу беріп тұратын сөздің айқын көркемдік қасиеті» [18]. Тілтанудың энциклопедиялық сөздігінде бұл категория төмендегідей жүйеленген: «Экспрессивтілік – тіл бірлігі белгілерінің семантико-стилистикалық жиынтығы, ол тілді коммуникативті актіде сөйлеушінің сөз мазмұнына немесе сөз адресатына қатысты субъективті айқындылығының құралы ретіндегі қасиетімен айқындалады. Тілдің экспрессивті құралын, бірлестігін және өзара қарым-қатынасын белсендендіру нәтижесінде сөз сөйлеушінің психикалық күйін айқын көрсетуге қабілеттендіретін экспрессияға ие болады [19].

Экспрессема, экспрессив, экспрессоид, экспрессемоид. Басқа кез келген тіл категориясы сияқты экспрессивтілік әртүрлі авторлар «экспрессема», «экспрессив», «экспрессоид» /«экспрессемоид» деп әртүрлі атаған сөз қызметінің нәтижесін өзіндік білдіру құралдары бар. Бейнелеу құралдарының аса бай қорын тілдің лексикалық деңгейі құрайды. Бұл – одағай, антонимдік жұптар; морфологиялық туындылар негізінде пайда болатын экспрессивтілік. Экспрессивтілікті жасауға синонимдік қатарлар көмектеседі. И.В.Арнольд компоненттердің ерекше валенттілігінен құралатын лексикалық экспрессивтілікті бөліп қарайды: қысқарған сөздер, лексикалық қайталау; күрделі жеке авторлық сөздер [21].

Морфологиялық тәсілден басқа, сөз мағынасын алмастыруға негізделген семантикалық тәсілдер де бар: метафора, метонимия т.б. Экспрессивтілік идиомаға, афоризмге, мақал-мәтелге т.б. фразеологиялық бірліктерге тән. Сөз айтылымның айқындылығын арттыру функциясын атқаратын фразеологиялық синонимдер ерекше экспрессивтілікке ие. Ол экспрессивтілік синтаксис құбылысына да тән, оған лингвистикада ХХ ғасырдың ортасында пайда болған «экспрессивті синтаксис» түсінігі куә бола алады.

Қазақ тіл білімінде экспрессивтілік пен бағалаудың айырмашылығы мазмұн межемен байланыста қарастырылады. Экспрессивтілік – лингвистикалық универсалийлердің бірі болып табылады. Экспрессивтілік – табиғаты бойынша функционалды және нақты бір коммуникативтік мақсатқа бағдарланған, таңбалық мәннің динамикалық жүйесі ретінде сөйлеудің (мәтіннің) фундаментальды имманентті қасиеті болып табылады. Сонымен, экспрессивтілік – бейнелеу, бағалау тілдік құралдардың айқындығымен ерекшеленіп, сөйлеушінің белсенді сезім-күй әрекеттері арқылы ойды әсірелеп, көркемдеп жеткізуде сөз өрнектерінің ұтымды қолданылуы деп тұжырымдай аламыз. Ал экспрессивтік стилистика аталған экспрессивтік ерекшеліктердің тілде жүзеге асу тетіктерін зерттейтін қазақ тілі стилистикасының маңызды саласы болып табылады.

Экспрессивтілік құбылысы транспозициямен тығыз байланысты қарастырылады. Транспозиция сөздің стилистикалық бедерін жасауда ерекше қызмет атқарады. Сөзге стилистикалық мәнділік беру мақсатында бір тілдік бірліктің орнына екіншісін парадигматикалық межеге сәйкес қолдану –транспозицияның стилистикалық мүмкіндігі деп аталады. Транспозиция, бір жағынан, айтылымды әртүрлі және бай синонимдік құралдармен қамтамасыз етеді, екінші жағынан, сөздің экспрессивтілігін көтеретін фактор болып саналады. Сөйтіп, бұл құбылыс функциональдық жағынан стилистиканың екі категориясымен – синонимия және экспрессиямен тығыз байланысты.

Транспозиция тілдік жүйедегі тілдік бірліктер мен құрылымдардың және олардың сөйлеудегі комбинацияларына байланысты туындайтын синонимия мен экспрессивтіліктің сарқылмас қайнар көзі бола отырып сөздің әсерлілік күшін күрт жоғарылататын экспрессивтік коннотацияны іске асырады. Ол көптеген тілдік бірліктер мен құрылымдардың және олардың сөйлеудегі ықтимал комбинацияларына байланысты стилистикалық синонимия мен экспрессивтіліктің көзі болып табылады.

Лингвистикада жиі қолданылатын келесі әмбебап құбылыс – коннотация. Коннотация ұғымының жан-жақты мәнін ескере келіп, Г.В.Колшанский, М.Н.Кожинаның ізімен біз де жұмысымызда осы ұғымды басшылыққа аламыз. Оған коннотация ұғымының мынадай ерекшелігі негіз болады: 1) оның деривативті мүмкіншілігі кең; 2) М.Н.Кожинаның ескертуі бойынша, коннотация термині «стилистикалық мағына», «стилистикалық бояу» ұғымдарына қарағанда жалпы және олардың барлығын жинақтап атайды.

Тілдегі коннотация құбылысын зерттеу тіл туралы ғылымның басым бағыты екені анық. Бұлай деуге М.Н.Кожинаның мына пікірі негіз болады: «Если традиционное – а в общем-то и современное языкознание – было сосредоточено на изучении денотативной (в широком смысле), чисто логико – понятийной сферы языка (правда, с неизбежными, но побочными выходами в область коннотации), то теперь пришла пора специального изучения этой коннотативтной сферы посвсему «разрезу» языковых уровней» [21]. Демек, тілдегі коннотация құбылысы тек лексикаға қатысты ғана емес, тілдік жүйенің барлық деңгейлерінде қарастырылуы тиіс маңызды мәселе болып табылады.

Көптеген коннотациялардың мәні коммуникацияның экспрессивті формасынан ажыратылмайды – коннотация тілдегі экспрессиялық нұсқаны жүзеге асырушы құрал болып табылады. Коннотацияның ғылымда белгілі мынадай түрлерін көрсетуге болады: бағалау коннотациясы (тілдік бірліктердің экспрессивті-стилистикалық мағынадағы кең тараған типі және құрылымы); пейоративті (стилистикалық боялған бірліктердің параллель қолданылып, сөйлеудің экспрессивтілігін күшейту және қоюландыру тәсілі арқылы жасалған коннотация); бейнелік коннотация (семантикалық екі қырлы болады, яғни абстракті бейнені сезімдік-көрнекілік фонда көрсету және айқын коннотациялар арқылы нақты-бейнелік, сезімдік көріністерді белгілеу); функционалды коннотациялар (функционалды-стилистикалық коннотациялар, тіл бірліктері мен формаларын белгілі бір қоғамдық-сөйлеу тәжірибесінде қолдану нәтижесінде пайда болады); ұлттық-мәдени коннотациялар (ұлттық өзіндік құбылыстарды, халықтың рухани және материалды өміріндегі құбылыстарды бейнелейді) т.б. түрлері бары белгілі.

Жұмыстың екінші тарауы «Тіл дыбыстарының экспрессивтік стилистикалық сипаты» деп аталып, фоностилистикалық мәселелер, дыбыстық қайталаулар және олардың түрлері мен сипаты, фоносимволизм мәселелері, оның тілдегі көрінісі, дыбыстың экспрессивтік стилистикалық қызметі талданып, жинақталды.

2.1 «Фоностилистикадағы дыбыстық қайталау және фоносимволизм».

Бұл тақырып тіл білімінде тек соңғы уақытта терең зерттеле бастады. Фонетикалық бірліктер бір уақытта бірнеше жүйенің басын біріктіріп тұратын табиғаты күрделі таңба болып табылады. Дыбыстық таңба (дыбыс, фонема) – әрі ментальды, әрі психикалық, физиологиялық, физикалық, лингвистикалық, әлеуметтік, психологиялық, мәтіндік, эстетикалық және мәдени мәнге ие құбылыс. А.С.Селях тіл дыбыстарының экспрессивтік қызметін оның фоносемантикалық табиғатымен байланыста қарастыра келіп, адамның санасында «жалпыланған дыбыс типін» – ономофонеманың тілдік жүйедегі номинативтік қызметіне және оның сөйлеуде синтагмофонемаға, морфонемаға трансформациялану ерекшелігіне талдау жасайды [22, 215 б.].

Академик Ә.Т.Қайдаров, Е.Қажыбеков, А.Айғабылұлының зерттеулерінде қазақ тіліндегі моносилабтық дыбыстың құрылымы дыбыстардың фонологиясы, дыбыс сәйкестігі, дыбыстардың алмасуы және т.б. фонетикалық құбылыстар мен заңдылықтар жан-жақты сөз болды.

Дыбыстық символизм – дыбыстың сөз мағынасымен метонимиялық ассоцияциялануына негізделген символизацияның бір түрі. Дыбыстық ассоциацияның жасалуына сөздің мына бөліктері қатысады: 1) ұқсас дыбыстар; 2) екпін түскен буынның алдында тұратын дауыссыздар; 3) екпін түсетін дауыстылар; 4) қайталанатын дыбыстар. Дыбыстық ассоциациялану шартты түрде жүзеге асады, сол себепті оны анықтау да күрделі.

2.2 «Аллитерация және ассонанс» дыбыстық қайталауға негізделеді. Аллитерация – сөз ішінде қатар немесе алшақ тұрған бірдей немесе ұқсас дауыссыз дыбыстардың қайталанып келуі. Стилистикалық мәнерлілікті күшейтудің ерекше амалы ретінде клишеге түсірілген синтаксистік құрылымдарда, мақал-мәтелдерде, күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста кең қолданылады. Аллитерация ауызекі шығармалардан, поэтикалық шығармалардан басқа прозалық мәтіндердің де дыбыстық ұйымдасу ырғағына, мәтінге тән авторлық көңіл-күйді жеткізуге әсер етеді. Қатар емес, арасына дыбыс тастап жасалатын өтпелі (сквозной) аллитерацияға пароэмион жатады. Мысалы: Төбелер түгел өртеніп бара жатқандай,Осынау өрттен өзі бір рахат тапқандай. Бүрісіп қыста, бүк түсіп жатушы еді олар, Батырдай бейне басына жүрген бақ қонбай (Т.Молдағалиев).

Аллитерация құбылысы сияқты ассонанс та кең мағынада түсініледі, ол дауысты дыбыстардың сөз ішінде үндесіп, үйлесіп келіп, фоностилистикалық құрал болу қызметін белгілейді. Дауысты дыбыстардың үндестігі қазақ тілінде сингармонизм заңдылығымен байланысты қарастырылады да, көп жағдайда оның эстетикалықтан гөрі тілдік қасиет-сапасына көңіл бөлініп жатады. Бірақ ассонанстық қайталамалар сөйлеуге әуенділік, өлшемдердің сәйкестілігін, мәтінді нақты бір эмоциональдық күйде қабылдауға мүмкіндік береді. Ассонанс аллитерациямен бірге қолданылып, дыбыстық мәнерлілікті күшейтіп тұрады және осының салдарынан белгілі бір буындар қайталанып келіп, мәтіннің стилистикалық ұйымдасуына әсерін тигізіп тұрады: Шым ете түсті өн бойым, Көзқарасыңды байқап қап. Бөлініп кетті демде ойым, Жас көңіл қалай жай таппақ (К.Ахметова). Мұндағы буындардың қайталануы полифониялы. Полифониялы қайталаудың бір түрі дыбыстық параллелизм арқылы жасалады. Дыбыстық параллелизм өзара ұқсас дыбыстардың фраза, сөз тіркесі, өлең жолдарында симметриялы орналасуы арқылы жасалынады. Мысалы: Білмесең, ей, кімсана, даламын мен, Көргенде кең даланы баламын мен (Қ.Шаңғытбаев).

Ассоциациялық байланыс екі жағдайда ерекше мәнге ие болады:

1. Аттрактанттар дыбысталуы жағынан тым ұқсас, бірдей болып келеді, бірақ дыбыстардың бірізділігі әртүрлі болады. Мысалы: Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген, Сонау бір соғыс жылы естіген ем.

2. Аттрактанттар тек бір не екі дыбыс арқылы ғана ажыратылады. Мысалы: Мәңгі сені әлдилеп, аялайын, Жүрегімнің шуағын аямайын (К.Ахметова). Дыбыстардың мұндай үйлесімдігі квазиомонимдерді, яғни белгілі бір контексте айтылуы, дыбысталуы жағынан өзара ұқсас, бірақ мағыналар әр басқа сөздерді жасайды. Аттракцияның мұндай түрлері парехезаға негіз болады. Парехеза – сөз формаларының дыбысталуы жағынан өзара жақын болып келетін, бірақ кейбір айырмашылықтары бар полифонияның бір түрі. Сөз формалары өзара ұқсас болғанмен, біріншіден, дыбыстардың бірізділік реті жағынан ажыратылады (мысалы: естімеген – естіген ем т.б.), екіншіден, бір не екі дыбыс арқылы ажыратылады (Жүректің шыңырауында қоздайтұғын, Шыбыны бар кеудені қозғайтұғын (М.Мақатаев), Аяп кетіп, сипадың сен бетімнен, Аумайтұғын сияқтымын жетімнен (К.Ахметова). Диссонанс жағдайында аттрактанттар тек дауысты дыбыстар арқылы ажыратылады: Қылығың жарасатын назым едің, Назым едің, не деген нәзік едің (К.Ахметова). Парехеза қарама-қарсылық мәнді жеткізу арқылы каламбур жасауға негіз болады.

Дыбыс қайталауларының көркем шығармада образ сомдауға да қызмет ететін жайлары кездеседі. Өлеңдерде өз кейіпкерлерін өлтіре сынап, күйіне, өткір сын айтып суреттеуінде немесе бойын билеген сүйіспеншілік, ғашықтық сезімін жеткізуде автордың осы эмоционалдық жай-күйі орын алады: Мал мен бақтың дұшпаны, Кеселді пысық көбейді. Күшік иттей үріп жүр, Кісіден кеммін демейді. Қу тілменен құтыртып Қызмет қылған кісісің, Құрытуға таяйды. Қылып жүрген өнері: Харекеті – әрекет. Өз оңбаған антұрған Кімге ойлайды берекет? (Абай). Осындағы «қ», «к» дыбыстарының аллитерациясы кеселді пысықтардың образын орынды суреттеуде айрықша қызмет атқарып тұр. Дыбыстық бейнелеуіштен гөрі коннотативтік мағынаға бір саты жақын тұратын дыбыстардың көркем образ сомдаудағы қызметі олардың фоникалық құрылымдағы стильдік қолданымының ерекше қырын танытса керек.

2.3 «Интонацияның экспрессивтік стилистикалық қызметі». Кез келген тілдің фонетикалық жүйесі тілдің күрделі суперсегменттік просодикалық деңгейін, яғни сөйлемдердің, мәтіннің жалпы интоннациялық сапасын да қамтиды.

А.Байтұрсынұлы екпіннің табиғатын және функциясын зерттесе [23, 190 б.], Қ.Жұбанов сөйлем сазының-интонацияның мән-маңызын: «Адамның көңілінің түрлі күйіне сөздің түрлі әні сәйкес келеді...»,- деп тұжырымдайды [24]. Ғалымның интонация, «дауыс сазы» жөніндегі нақты да терең пайымдаулары қазіргі қазақ тілі білімде семантикалық синтаксис бағытында өз орнымен ерекшеленеді. ХХ ғасырдың 40-жылдарынан интонацияны зерттеу кеңінен өрістеп, жүйелене бастады. Интонация туралы негізгі мәселелер С.Аманжолов, Н.Т.Сауранбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Ә.Нұрмаханова, Н.Түркпенбаев, Ә.Хасенов, К.Аханов т.б. еңбектерінде қарастырылады.

Р.Сыздық өз зерттеуінде: «Сөз сазы сөйлеу үстінде сөздердің дұрыс айтылып, құлаққа жағымды естілуі; сөйлеу мәнерінің өзі біркелкі болмайды, көтеріңкі, салтанатты үнмен, кейде толық әуенмен айтылады» деп көрсетеді [25]. Фоностилистканың негізгі мәселелері және сөз мәнері туралы жүйелі зерттеулер Ә.Жүнісбек, К.Хұсайын еңбектерінде жан-жақты талданады. З.Базарбаева, интонацияның негізгі бес функциясын жіктей келе, сөйлемнің коммуникативтік мағынасымен бірге эмоциялық-экспрессивтік түрлерін анықтайды.

Ал ғылыми, ресми-іскери стильдегі мәтіндерде интонация тұрақты және біркелкі болады. Фонетикалық экспрессия – поэтикалық сөйлеудің әлеуетін жүзеге асыру үшін қолайлы тәсіл. Дыбыс сөз сияқты поэзияның материалы болып табылады. Сол себепті поэтикалық фоностилистиканың орталық проблемасы – мәтіннің дыбыстық ұйымдастырылуы болып табылады.

Үшінші тарау «Лексикалық жүйенің экспрессивтік стилистикалық құрылымы» деп аталды. Тілдегі экспрессивтілікті жеткізуші құралдардың қатарына сөз жатады. Сөйлеу барысында сөз сөйлеуші туралы фактуалды және эмоционалды-экспрессивтік ақпараттарды жеткізіп тұрады, қалыптасқан мағынасынан тыс қосымша мағыналарды жеткізуге қатысады. Сөз мағынасы нақты контекст жағдайында түрлі стилистикалық аспектіде көрініп, бағалауыштық, мәнерлегіштік, функционалдық т.б. экспрессивтік мағыналарды жеткізу құралына айналады.

3.1 «Лексикалық құралдардың экспрессивтік стилистикасы. Синонимия». Тілдің синонимиялық ресурсын, олардың коммуникативтік мәнерлілік маңызын және саралануын зерттеу лингвостилистиканың негізгі міндеті деп қарауға болады. Кейбір зерттеушілер стилистиканы тікелей «тілдің синонимиялық құралы туралы ғылым» деп қарайды. Тіл біліміндегі лексикалық синонимияға қатысты ғылыми көзқарастарды топтастыра келе, лексикалық синонимия құбылысы туралы анықтаманы мынадай екі топта қарастыру мүмкін болады:

1. Синонимдер дегеніміз – әртүрлі айтылатын, мағынасы жағынан жақын, бірақ өзара тең емес сөздер (А.М.Земский, С.Е.Крючков, М.В.Светлаев, А.М.Финкель, Н.М.Баженов, А.И.Ефимов, А.Н.Гвоздев т.б.).

2. Синонимдер дегеніміз – ақиқат өмірдегі бір құбылысты білдіріп, мағына реңкі, стилистикалық қатыстылығы жағынан айырмашылығы бар сөздер (Р.А.Будогов, Н.М.Шанский, Е.М.Галкина-Федорук).

Лексикалық синонимияға қатысты берілген анықтамалар бір-біріне кереғар деуге келмейді. Себебі екі анықтама да бірін-бірі толықтырып, анықтап тұр. Алғашқы анықтамадағы мағынасы жақын болып, бірақ өзара тең болмау себебі екінші анықтамада мағына реңкі, стилистикалық қатыстылығы жағынанан тең болмайтындығы нақты көрсетілген.

3.2 «Синонимдердің стилистикалық қызметі». Бүгінде синонимдерді топтастыру туралы теориялар жан-жақты толықтырылды. Синонимдерді анықтау және топтастыру туралы ғалымдар көзқарасы әртүрлі. Жұмыста синонимдерді анықтау, топтастыру туралы қазақ, орыс тілі білміндегі көзқарастар талданады.

Синонимдердің атқаратын негізгі стилистикалық қызметі – ерекшелеп айтылатын ойды нақтылауға көмектесу. Әдетте сөз-синонимдер мен стилистикалық бейтарап синонимдердің қайталанып келуі ойды неғұрлым толық, дәл жеткізуге қызмет етеді.

3.3. «Лексикалық құралдардың антонимиясы». Антонимдерге қатысты айтылып жүрген ұғымдардың бірі – энантиосемия. Бұл құбылыс көпмағыналы сөздерде байқалады. Көпмағыналы сөздің өзі өз ішінде қарама-қарсы мәндерге ие болуы мүмкін. Мысалы, қайту сөзінің семантикасында «аурудың үшінші күн дегенді беті қайтты» дегендегі өмірге оралу мағынасы және «ауру үшінші күн дегенде дүниеден қайтты» дегендегі жан тәсілім қылу мағынасы бар.

Антонимдердің сөйлеудегі стилистикалық қолданысы сан түрлі. Қай тілде болсын бір-бірімен жұп құрайтын, өзара қарама-қарсы мағынада және қатынаста тұрып біртұтас ұғымды жеткізетін сөздердің мол лексикалық қоры бар. Бұл сөздердің шығу тегіне қарай табиғатында бойына біткен қарама-қарсы дүниетанымның екі жақ қырын бейнелейді. Өмірдің өзі қарама-қайшылықтардың күресі дейтін болсақ, осындай өмір философиясынан туған сөздер тілде антонимдер арқылы бейнеленеді. Синонимияға семантикалық жағынан ұқсастық тән болса, антонимияға – семантикалық айырмашылық тән. Антоним көркем сөйлеуде көркемдік құралы ретінде қолданылады. Синонимия, антонимия, полисемия, паронимия, парономазия арқылы берілген экспрессивтілік пен автордың бағалау қарым-қатынасы энантиосемиялық номинацияның белгілері болып табылады. Ол сөздің потенциалды мүмкіншіліктерін анықтап, тілдің екі бастауының логикалық және эмоционалдық-органикалық бірлігін көрсетеді.

3.4 «Лексикалық құралдардың омонимиясы және полисемия». Сөздің әртүрлі мағыналары семантикалық бірлік құрайды, тілді зерттеушілер оны сөздің семантикалық құрылымы деп атайды. Сөздің ауыспалы мағынасының дамуы – ереже бойынша бір құбылысты екінші бір құбылыспен ұқсастырумен байланысты: заттың сыртқы ұқсастығын (оның сырт формасы, түсі және т.б.) негізге ала отырып, атау ауыспалы мағынаға ауысады, оның тудыратын әсері немесе қорғалу сипаты негізінде ауыспалы мағына туады. Осындай жағдайда полисемиялық бастауыш метафора, метонимия, синекдохадан тұрады. Көп мағыналылық тілдік шексіз мүмкіндіктерін көрсетеді, өйткені тілдің сөздік құрамының байлығы сөз санымен ғана өлшенбейді, сонымен бірге, олардың мағыналарының әртүрлілігі, сөздердің жаңа семантикалық реңке ие болу мүмкіндігі де есепке алынады. Сөздің жаңа мағынаға ие болу тілдің лексикалық қорын шығармашылыққа пайдалануға мол мүмкіндік береді. Омонимия мағынасы әр басқа айтылуы мен жазылуы бірдей сөздер, сырттай көпмағыналы сөзге ұқсас, дегенмен омонимияда ортақ семантикасы жоқ бірақ айтылуы мен жазылуы бірдей сөздер қарастырылады.

3.5 «Лексикалық құралдардың паронимиясы және парономазия құбылысы». Тілдегі паронимдер мен парономазия экспрессивтік стилистикалық қызметті жүзеге асыруда белсенді түрде жұмсалады. Паронимдердің жасалу тәсіліне қарай мынадай топтарды көрсетуге болады: жұрнақтар арқылы ажыратылатын паронимдер: жамандық – жаманшылық, адамдық – адамшылық т.б.; түбіріне қарай ажыратылатын паронимдер. Паронимдер түбірлес және әртүбірлі болады. Түбірлес паронимдер: егін – егіс, еліктегіш - еліктеуіш т.б. Әртүбірлі, сырттай дыбыстық жағынан ғана ұқсастықтары бар сөздер: эскалатор – экскаватор, білім – бөлім, т.б.;

Паронимдердің семантикалық ерекшелігіне қарай екі тобы анықталады:

1) өзара мағыналық реңкі бойынша ажыратылатын паронимдер (дүниелік – дүнияуи, қазақшыл – қазақы, т.б.); 2) мағынасы бойынша ажыратылатын паронимдер (қазақша – қазақы). Мағынасы бойынша ерекшеленетін паронимдер өте аз кездеседі. Паронимдер функционалдық-стилистикалық сипатына қарай ерекшеліктері бар топ құрайды. Мысалы, тірлік ету – ауызекі сөйлеу стиліне тән сөз қолданысы болса, тіршілік ету – ғылыми тілге жақын қолданыс.

Парономазия – дыбысталуы бір-біріне жақын сөздердің қатар қолданылуынан туатын бейнелі сөз өрнектері. Мысалы: Бөрінің бөлтірігі, біреудің жыртысын жырту. Еш туыстығы жоқ, бірақ айтылуы бірдей паронимдер сөйлеуде әртүрлі стилистикалық қызмет атқарады.

3.6 «Тілдегі фразеологизмдердің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі». Лексикалық бірліктердің қатарында фразеологизмдердің экспрессивтік стилистикалық қызметі, олардың әдеби тілдік стильдік тармақтарға бөлінуі, лексикографиялық деректер негізінде жіктелуі, фразеологиялық деңгейдегі тілдік құралдардың мәнерлегіштік мүмкіндіктері, олардың стилистикалық мәні мен бояулары, түрлі жағдайдағы қолданыс аясы, фразеологиялық бірліктердің қолданылуының коммуникативтік заңдылықтары, олардың бейнелік және метафоралық белгілерінің негізгі заңдылықтары мен тенденциялары және т.б. байланысты қарастырылады. Фразеологизмдер бір-бірінен экспрессияға негізделген стильдік реңк, бояу құрамында қолданылу аясына қарай ерекшеленіп тұрады. Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің көтеріңкі, ренжу, қиналу, жақындық мәндегі, дөрекілік, кекесін, мысқыл мәнде т.б. стильдік реңктерді таңбалайтын экспрессивтік тұлғаларда (бірліктерде) денотативті әрі коннотативті сөз семантикасы сақталып отырады. Олар затты, құбылысты екінші номинация ретінде атап, бағалайды.

Экспрессивті стилистикалық тұрғыдан тілдегі ең негізгі өнімді жұмсалатын бірліктер – фразеологизмдердің куммулятивті қызметі айрықша. А.Ф.Лосев фразеологизмдердің ерекше күш-қуатқа ие болып келетін болмысына, әсерлілігіне ерекше назар аударады [26, 70 б.]. Ол сөздің энергиясын, күш-қуатын эйдос деп атайды, ал жандүниенің ішкі мәні сөздің әлеуетін белгілейді деп көрсетеді. Тілдегі синоним фразеологизмдер бір-бірінен стильдік қолданылуы мен экспрессивті әсері жағынан ерекшеленеді. Бұларды стильдік синонимдер деп атауға болады. Фразеологиялық синонимдер – қандай стильдік сатыда қолданылса да, экспрессивтілігі жағынан сатыланатын тұрақты тіркестер. Фразеологизмдердің синонимдік қасиеті олардың кез келген контексте бір-бірінің орнына еркін қолданыла беруінен байқалады. Фразеологиялық синонимдерді бір-бірінің орнына ауыстырып қолданудың өзіндік шарттары бар. Синоним фразеологизмдердің сыңарлары логикалық реттілік пен заңдылық арқылы байланысқан белгілі бір жүйе құрайды. Фразеологиялық синонимдер ұғымы жағынан бірі мен бірі сатылап байланысып, экспрессивті қызметі өсіп, күшейіп отырады.

Фразеологиялық антонимдердің көпмағыналылығы тілдің семантикалық құрылымдарының тереңдігін білдіреді. Сонымен қатар, көп мағыналы фразеологизмдердің сөз қолданудағы мол қорын дәлелдейді.

Фразеологизмдердің авторлық қолданыста өзгеріп, жаңа стилистикалық қызметте келуі екіұшты пікірдің бір сөйлем ішінде берілуі арқылы контаминация тәсілімен жүзеге асады (Семіз сөйлеп, арық шықпасақ екен).

Тұрақты тіркесте берілген образдық мағынаға тура мағына беру де фразеологизмдерді ұтымды қолдануда пайдаланылатын стилистикалық тәсіл (Отпен ойын (Солтүстік Кореяның өзінде ядролық қару бар екенін ресми түрде мәлімдегені туралы)). «Ойыннан от шығады» мәтелі сырттай өзгергенмен, оның төркінін түсінуге болады. Бірақ бұл контекст жағдайында ол тура мағынасын меңзеп тұр. Сол сияқты Күлін көкке ұшырды, Төбеден жай түсірді (С.Мұқанов), Екі аяғымды бір етікке тығып алып, ізіне түсе қуа бердім (Қырық өтірік) деген тіркестерде де негізінен ауыспалы бейнені суреттейтін фразеологизмдер тура мағынадағы оқиғаны, суретті бейнелеп тұр. Алдыңғы мысалда оқиғаны дәл суреттеу үшін, ал соңғы сөйлемде комика туғызу үшін (себебі ол орындалмайтын өтірік) қолданылған.

Была ли эта страница вам полезна?
Да!Нет
9 посетителей считают эту страницу полезной.
Большое спасибо!
Ваше мнение очень важно для нас.

Нет комментариевНе стесняйтесь поделиться с нами вашим ценным мнением.

Текст

Политика конфиденциальности